Иран бес одақтасымен ядролық нысандарға соққы беруге тыйым салатын қарар дайындады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран бес одақтасымен бірге Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттік Бас конференциясының 69-шы сессиясында ядролық нысандарға соққы беруге тыйым салатын қарар жобасын ұсынды.
Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Исмаил Бақайи X әлеуметтік желісінде жазды.
Бақайи: “Иран Қытай, Ресей, Венесуэла, Никарагуа және Беларусьпен бірге ядролық нысандар мен инфрақұрылымдарға шабуылдардың барлық түрі мен қауіп-қатерлеріне тыйым салатын қарар жобасын ұсынды”,- деді.
Иран Сыртқы істер министрлігі өкілінің айтуынша, Иран мен одақтастары осылайша Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың тұтастығын қорғауға үміттенеді.
Құжатта барлық елдердің атом энергиясын бейбіт мақсатта дамытуға құқығы бар екендігі көрсетілген.
Мұның алдында Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Иран мен Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы ынтымақтастық туралы келісімнің агенттік инспекторларының ядролық нысандарда болуын білдірмейтінін айтты.
15 қыркүйек күні Атом қуаты жөніндегі халықаралық агенттік Бас конференциясының 69-шы сессиясы өз жұмысын бастады. Жыл сайын ұйымға мүше елдердің өкілдері бас қосып, ядролық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану сияқты негізгі мәселелерді талқылайды.
Вена қаласында басталған Бас конференцияның 69-шы сессиясы 19 қыркүйекке дейін жалғасады.



















