Иранның СІМ басшысы Аббас Арақчи елінің сыртқы саясатында көршілес елдермен қарым-қатынасына басымдық беретінін айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Қатар мен Иранның жоғары лауазымды тұлғаларының кездесуін жемісті деп атады.
Аббас Арақчи X желісіндегі аккаунтында Қатар Әмірінің Тегеранға сапары туралы: “Біз үшін бауырларымыз — Қатар Әмірі Тәмим бен Хамад Әл Тани мен Премьер-министр Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Таниді қабылдау әрқашан қуанышты. Біз екіжақты қарым-қатынас пен өңірлік мәселелер бойынша жемісті пікір алмастық. Көршілеріміз – біздің басымдылығымыз”, -деп жазды.
Қатар Әмірі Тәмим бен Хамад Әл Тани сәрсенбі, 19 ақпан күні Тегеранға ресми сапармен келді. Оны Меһрабад әуежайынан Иранның Энергетика министрі Аббас Әлиабади қарсы алды.
Келіссөзге дейін Саадабад кешенінде Қатар Әмірін салтанатты түрде ресми қарсы алу рәсімі өтті.
Тәмим бен Хамад Әл Тани Президент Масуд Пезешкиан, Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи және Иранның басқа да ресми өкілдерімен кездесіп, кеңесті.
Сонымен қатар, Қатар Әмірі және онымен бірге Тегеранға сапармен келген делегация Ислам революциясының жетекшісі Әли Хаменеимен кездесті.


















