Иран СІМ басшысы Аббас Арақчи елінің уран байыту құқығына құрмет көрсетілмесе, ешқандай келісімге қол жеткізілмейтінін баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы кеше, дүйсенбі күні Иран Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Арақчи Мысыр Араб Республикасының Сыртқы істер министрі Бадр Әбдел Атымен бірлескен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Аббас Арақчи АҚШтың ұсынысына жақын арада жауап берілетінін, бұл жауап Иранның принциптік ұстанымдары мен мүдделерін ескере отырып әзірленетінін және халықтың құқығының сақталуын қамтамасыз ететінін айтты.
Иран Сыртқы істер министрі Сейед Аббас Арақчи Мысыр Араб Республикасының Сыртқы істер министрі Бадр Әбдел Атымен бірлескен баспасөз мәслихатында Иран мен Мысырдың көп ғасырлық тарихы мен тамыры терең өркениеті бар аймақтағы екі ірі мемлекет екенін айтты.
Дипломат екі елдің де аймақта бейбітшілікті, қауіпсіздікті, тұрақты даму мен ілгерілеуді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынына тоқталып: “Екі ел арасындағы қарым-қатынасты дамыту бұрын-соңды болмағандай ашық. Біз диалогты жалғастыру және екі ел арасында саяси кеңесулерді тұрақты және жүйелі түрде өткізу туралы келісімге келдік. Сонымен қатар, екіжақты сауда көлемін арттыруға, сондай-ақ туризм саласында ынтымақтастықты бастау мен кеңейтуге келістік”, — деді.
Арақчи сөзінің жалғасында Иран АҚШ-тың ұсынысына жақын арада жауап беретінін айтып: “Жауап Иранның қағидаттарына, ұстанымы мен ұлттық мүдделеріне негізделіп, халықтың құқығын қорғайды”, — деп мәлімдеді.


















