Талибанның уақытша үкіметі Ауғанстанда елді дамытудың бес жылдық стратегиясын бекітті.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Талибан басқару, қауіпсіздік және экономика салаларындағы алдағы жылдарға арналған іс-қимыл жоспары болып табылатын Ауғанстанның бес жылдық даму стратегиясын бекітті.
Бұл туралы Кабулда өткен баспасөз мәслихатында Талибанның уақытша үкіметінің өкілі Забиулла Муджахид мәлімдеді.
Забиулла Муджахид үкімет бекіткен бұл құжаттың Талибан бақылауындағы барлық мемлекеттік институтты біріктіруге бағытталғанын және стратегияның өзі елдің ішкі ресурстары мен мүмкіндіктерін пайдалана отырып жүзеге асырылатынын баса айтты.
Стратегия “басқару және халықаралық қатынастар”, “қауіпсіздік және қоғамдық тәртіп” пен “экономикалық және әлеуметтік даму” секілді 3 бағыт бойынша құрылған.
Алдағы бес жылға арналған іс-шаралар жоспарында ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар мен энергетика, көлік және коммуникациялар, білім беру, денсаулық сақтау және қоршаған ортаны қорғау сияқты 10 басты сектор қамтылған.
Сонымен қатар, құжатта 15 басым бағдарлама бар. Оларға ислам заңдарының сақталуы, мемлекеттік секторды реформалау, ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіп пен шекара қауіпсіздігін нығайту, қылмыстың алдын алу және жергілікті өзін-өзі басқару институттарын нығайту, қалалар мен ауылдарды дамыту, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру және халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету, білім беру жүйесін кеңейту, телекоммуникация және ақпараттық технологияларды дамыту кіреді.
Муджахидтің айтуынша, стратегияның мақсаты бүкіл Ауғанстанның теңгерімді дамуын қамтамасыз етіп, Талибан министрліктері мен ведомстволарының қызметін одан әрі үйлестіру болып табылады.
Стратегияда қыздардың мектепке баруына рұқсат беру көрсетілмеген.




















