Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының Газада гуманитарлық атысты дереу тоқтатуды, сондай-ақ барлық кепілге алынғандарды тез арада және сөзсіз босатуды талап ететін қарарын қолдады.
БҰҰ ресми сайтындағы мәлімет бойынша, БҰҰ Бас ассамблеясына мүше мемлекеттер желтоқсанның 12-нен 13-не қараған түні Төтенше арнайы сессияда Израиль-Палестина қақтығысы және Газадағы дағдарысқа байланысты жиналды.
Мысыр пен Мавритания дайындаған Палестина-Израиль соғысы аймағында тез арада атысты тоқтату туралы қарар көпшілік дауыспен, яғни, Бас Ассамблеяға мүше 193 елдің 153 оң, 10 қарсы, 23 қалыс дауысымен қабылданды.
Айта кетейік, қарарды қолдаған мемлекеттердің ішінде Қазақстан да бар.
Қарарға сәйкес, барлық кепілге алынғандарды дереу және сөзсіз босатуды, сондай-ақ гуманитарлық қолжетімділікті қамтамасыз ету қажет.



















