«Қытай-Қазақстан-Түркіменстан-Иран» жаңа дәлізін Астана мен Ашхабад бірлесіп әзірлейді.
Қазақстан мен Түркіменстан қос мемлекеттің аумағы арқылы Қытайдан Иранға «Қытай-Қазақстан-Түркіменстан-Иран» дәлізін бірлесіп дамыту туралы уағдаласты.
Бұл уағдаластыққа Ашхабадта өткен көлік, транзит және логистиканы дамыту мәселелері жөніндегі Қазақстан мен Түркіменстанның бірлескен жұмыс тобының бірінші отырысы барысында қол жеткізілді.
Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен оның түркімен әріптесі Батыр Аннаев Ашхабадта өткен кездесуде транзит және логистика мәселелерін талқылады. Отырыс қорытындысы бойынша тараптар «Қытай-Қазақстан-Түркіменстан-Иран» дәлізін бірлесіп дамыту туралы келісті.
Кездесуге қатысушылар Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы көлік байланысы туралы хаттама мен меморандумға қол қойды. Атап айтқанда, құжатта қолайлы тарифтік жағдайлар жасау, инфрақұрылымды дамытуды үйлестіру бойынша бірлескен шаралар қабылдауды және өзара ақпарат алмасу үшін цифрлық шешімдерді енгізуді қоса алғанда, тасымалдау көлемін ұлғайту ниеті көрсетілген.



















