Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев пен Иран Президенті Масуд Пезешкиан Ашхабадта өткен халықаралық форум аясында кездесті.
Еуразия Тудейдің Daryo.uz агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, тараптар кездесу барысында екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамыту жолдарын талқылады.
Шавкат Мирзиеев пен Масуд Пезешкиан кездесуде Өзбекстан мен Иран арасындағы көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға бейілді екендіктерін растады. Тараптар әртүрлі деңгейдегі белсенді өзара байланыстар мен сауда және инвестиция саласындағы оң нәтижелерді атады.
Екі ел басшылары экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған жобаларды бірлесіп жүзеге асырудың маңыздылығына баса назар аударды. Соның ішінде, тараптар преференциялық сауда келісіміне енгізілген өнімдердің тізбесін көбейтетін жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты.
Мирзиеев пен Пезешкиан халықаралық және аймақтық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша да пікір алмасты.


















