Әлихан Смайылов пен Ақылбек Жапаров Қазақстан мен Қырғызстанның су саласындағы ынтымақтастығы тақырыбын талқылады.
ҚР Үкіметі ресми сайтының мәліметі бойынша Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қырғызстан Министрлер Кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаровпен келіссөз жүргізді.
Кездесу барысында үкімет басшылары екіжақты ынтымақтастықтың, соның ішінде сауда-экономикалық және мұнай-газ салаларындағы мәселелердің кең ауқымын қарастырды.
Сонымен қатар тараптар қысқа мерзімде қазақ-қырғыз шекарасында жүк көлігі үшін қосымша өткізу бекетін ашу мәселесін пысықтауға, сондай-ақ су-энергетика саласындағы өзара іс-қимылды күшейтуге келісті.
Кездесу Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы қарсаңында өтті.
Былтыр 11 айда Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы өзара сауда 12 пайызға өсіп, 1,3 млрд долларға жетті.
Қазақстан мен Қырғызстан арадағы тауар айналымының көлемін 2 млрд долларға жеткізу жұмысын жалғастыруда.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы су шаруашылығы саласында өзара іс-қимылға ие.
2023 жылы 6 қаңтарда Бішкек қаласында Қырғызстан және Қазақстан, Өзбекстанның Энергетика министрлері Қырғызстандағы Нарын өзеніндегі «Қамбарата ГЭС-1 құрылысы» жобасын іске асыру жөніндегі жол картасына қол қойды.
Қамбарата ГЭС-1 Қырғызстандағы ең ірі электр станциясы болады деп жоспарланған.
















