Қатарға мемлекеттік сапармен келген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты Дохадағы «Хамад» халықаралық әуежайында Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнидің өзі қарсы алды.
Ақорданың хабарлауы бойынша, Мемлекет басшысын күтіп алу кезінде Құрмет қарауылы сап түзеп тұрды.
Рәсім аяқталғаннан кейін мемлекеттер басшылары әуежайдың мәртебелі меймандар залында қысқаша пікір алмасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін, 14 ақпан күні Қатар Мемлекетінің Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен және Премьер-министрі шейх Мұхаммед бен Абдулрахман Әл Тәнимен келіссөздер жүргізеді.
Келіссөз қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжатқа қол қою жоспарланып отыр.
Сондай-ақ Президент қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысады және осы елдің бизнес капитандарымен бірқатар кездесу өткізеді.
2023 жылғы 7-8 маусымда Қатар Әмірі шейх Т.Әл Тани Астана халықаралық форумына қатысу аясында Қазақстанға жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында екі елдің мемлекет басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту бойынша бірқатар мәселелерді талқылады.
Айта кетейік, Қатар Әмірі шейх Әл Тани 2022 жылғы 12-13 қазанда Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді.
Сапар нәтижесінде екіжақты 12 құжатқа қол қойылды. Қатар Әміріне Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» ордені табыс етілді.
Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатарға жасап отырған алғашқы мемлекеттік сапары. Сапар екі күнге жоспарланған.



















