Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Қырғыз Республикасына ресми сапары басталды.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Мұрат Нұртілеу ресми сапарын ең алдымен Қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Ата-Бейит» мемориалдық кешені мен белгілі қырғыз ақыны Чингиз Айтматовтың қабіріне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысудан бастады.
Сапар барысында Мұрат Нұртілеу қырғызстандық әріптесі Жээнбек Кулубаевпен кездесіп, келіссөз жүргізеді.
Қырғызстан мен Қазақстан сыртқы істер ведомстволарының басшылары келіссөздер барысында екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылайды деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, ҚР СІМ басшысы Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың қабылдауында болады.
Айта кетсек, қырғыз тарапының шақыруымен Қырғыз Республикасына ресми сапармен барған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді «Манас» халықаралық әуежайында Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Асеин Исаев және басқа да ресми тұлғалар күтіп алды.
Бұған дейін Мұрат Нұртілеу тәжік тарапының шақыруымен Тәжікстанға ресми сапармен барып қайтты.













