Башқұртстан жылдың соңына дейін Үндістанда, Иранда және Қырғызстанда сауда өкілдіктерін ашады.
Еуразия Тудейдің ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, бұл туралы “Иннопром. Орталық Азия” көрмесі аясында Башқұртстанның Сыртқы экономикалық байланыс және конгресс қызметі министрі Маргарита Болычева мәлімдеді.
Болчева: “Біз Иранға әлі өкіл жібермедік. Күзге дейін Иранда сауда өкілдігін ашамыз деп ойлаймын. Сондай-ақ, жыл соңына дейін Қырғызстан мен Үндістанда Башқұртстанның өкілдіктерін ашуды жоспарлап отырмыз”, — деді.
Маргарита Болычеваның айтуынша, қазір Башқұртстанның сауда өкілдіктері Беларусь, Қазақстан, Қытай, БАӘ, Түркия және Өзбекстанда жұмыс істейді.
Айта кетейік, қазір Ташкент қаласында “Иннопром. Орталық Азия” V Халықаралық өнеркәсіп көрмесі өтіп жатыр. Көрмеге ТМД, Азия және Еуропа елдерінен 300-ден астам компания қатысуда.
Шара 28-30 сәуір аралығында өтеді.
Көрменің мақсаты — өнеркәсіптік кооперацияны ілгерілету, мемлекеттік органдар және халықаралық серіктестер арасында іскерлік байланыс орнату.


















