Бейжің Иранға қатысты ұстанымының нық екенін, оның өзгермейтінін мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Бейжің Вашингтонның қытайлық компанияларға қарсы енгізген заңсыз шектеулерін айыптап, Таяу Шығыстағы жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеуге шақырды.
Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Линь Цзянь АҚШ-тың қытайлық үш компанияға қарсы енгізген жаңа санкцияларына жауап ретінде қатаң мәлімдеме жасап, Вашингтонның қысымы Қытай Халық Республикасының Иранға қатысты сыртқы саяси бағытынан бас тартуға мәжбүр ете алмайтынын атап айтты.
Бейжің АҚШ санкцияларын біржақты және заңсыз деп атады. Қытай мұндай шаралар халықаралық құқық аясынан шығып, Қытай Халық Республикасының заңды сауда-экономикалық мүдделеріне нұқсан келтіруге бағытталған деп есептейді.
Вашингтон қытайлық үш компанияны Иранға әскери операцияларда пайдалану үшін спутниктік суреттер берді деп айыптады. Қытай бұл айыптауларды америкалық қысым көрсету саясатының бір бөлігі әрі негізсіз жорамалдар деп атап, үзілді-кесілді теріске шығарды.
Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Бейжіңнің Иранға қатысты ұстанымы айқын әрі дәйекті екенін баса айтып, стратегиялық мүдделері мен егемендік принциптерін негізге ала отырып, Тегеранмен ынтымақтастықты дамытуды жалғастыра беретінін қуаттады.
Қытай өңірдегі шиеленістің күшеюіне алаңдаушылық білдіріп, қатысушы тараптарды жанжалдың одан әрі ушығуына соқтыратын кез келген іс-қимылдан аулақ болуға шақырды.
Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрлігі: «Вашингтонның заңсыз шаралары біздің Иранмен тұрақты қарым-қатынас орнатуға деген адалдығымызды өзгертпейді. Біз аймақтық мәселелерді бейбіт жолмен шешуді жақтаймыз және күш көрсету саясатына қарсымыз», -деді.













