Биыл Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы Семей шартына қол қойылғанына 20 жыл толады.
Еуразия Тудейдің Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз орталығына сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде өтіп жатқан Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қатысушы тараптардың Шолу конференциясы аясында Қазақстан БҰҰ-ның Қарусыздану мəселелері жөніндегі басқармасы (UNODA), БҰҰ Қарусыздану мəселелерін зерттеу институты (UNIDIR) жəне Nuclear Threat Initiative (NTI) үкіметтік емес зерттеу орталығымен бірлесіп, Семей шартының 20 жылдығына арналған арнайы дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев іс-шараның ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде ядролық қарудан бос аймақтардың қарусыздану жəне жаһандық таратпау режимін тұрақтандыратын маңызды элементтердің бірі ретіндегі рөлін атап айтты.
Талқылауға қатысушылар Семей шарты бойынша хаттамаларды ратификациялауды аяқтау және жаңа ядролық қарусыз аймақтар құру қажеттігін баса айтты.
Пікірталасқа Орталық Азия елдерінің өкілдері, сондай-ақ ядролық қаруға ие мемлекеттердің делегация басшылары мен Шолу конференциясына қатысушы сарапшылар қатысты.
Ядролық қаруды таратпау туралы шарт бойынша Шолу конференциясы 2026 жылғы 22 мамырға дейін жалғасады.
Айта кетейік, бұл тарихи құжатқа 2006 жылдың 8 қыркүйегінде Семей қаласында қол қойылған болатын.













