12-17 қараша күндері Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) жылдық конвенциясы өтеді.
Кәсіпқой бокс әлемінің ең танымал жұлдыздары қатысатын аталмыш шараға аты аңызға айналған Майк Тайсон кезінде чемпиондық мансапқа қол жеткізген ондаған чемпиондармен бірге Ташкентке келетінін ресми түрде растады.
Қазіргі таңда Жастар саясаты және спорт министрлігі, Өзбекстан кәсіпқой бокс федерациясы және серіктес ұйымдар Орталық Азия аймағында алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл тарихи іс-шараға қызу дайындық үстінде.
Өзбекстан кәсіпқой бокс федерациясының төрағасы Умид Якубовтың айтуынша, Эвандер Холифилд, Амир Икбал Хан, Константин Цзю сынды танымал боксшылар да Ташкентке келеді.
WBC ұйымының 61-ші съезі аясында 17 қараша күні Ташкент қаласындағы «Humo Arena» спорт сарайында бірқатар танымал былғары қолғап шеберлерінің қатысуымен бокс кеші ұйымдастырылады.
Майк Тайсон-1966 жылдың 30 маусымында АҚШ-та дүниеге келген. Боксшылар тарихындағы ең танымал ауыр салмақ категориясында өнер көрсеткен америкалық кәсіби былғары қолғап шебері. Дүниежүзілік бокс қауымдастығының (WBA), Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) және Халықаралық бокс федерациясының (IBF) белбеуіне қол жеткізген.



















