Иранның Ресейдегі Елшісі Казем Джалали экономикасы дамып келе жатқан БРИКС елдері әлемнің болашағын қалыптастыруда шешуші рөл атқаратынын айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бейсенбі күні Мәскеуде тілшілер алдында сөйлеген сөзінде Казем Джалали БРИКС ықпалының күшеюінің басты себептерінің бірі ретінде жаһандық мәселелерді шешуде баяу және тиімсіз халықаралық күштердің қазіргі құрылымын атады.
Елші долларсыздандыруды жақын болашақтағы БРИКС-тің басты басымдығы деп атады. Джалали 2030 жылға қарай орталық банк резервтеріндегі АҚШ долларының үлесі 58 пайыздан шамамен 35–40 пайызға дейін төмендейді деп болжады.
Джалали 2030 жылға арналған болжамдар бойынша БРИКС елдері әлемдік жалпы ішкі өнімнің 48 пайызын құрайтынын айтты.
Елші: “G7 елдерінің экономикалық көрсеткіштері нашарлаған сайын БРИКС экономикасы әлемдік ЖІӨ-нің үштен бірінен асады деп күтілуде. Оның экспорты әлемдік экспорттың төрттен бір бөлігін құрайды”,- деді.
Сонымен қатар, елші БРИКС-тің Жаңа даму банкі Дүниежүзілік банк пен Батыстың даму тетіктеріне балама бола алатынын айтты.
Джалалидің айтуынша, 2024 жыл БРИКС үшін бетбұрыс жылы болды. Өйткені ұйым бес мүше мемлекеттен он мемлекетке дейін кеңейді. 2023 жылы Оңтүстік Африкада өткен БРИКС саммиті кезінде бес мемлекет, соның ішінде Иран да дамушы елдер блогына қосылуға шақыру алды.


















