БҰҰ баспасөз хатшысының орынбасары Фархан Хак Израиль елшісінің Бас Ассамблеяда БҰҰ Жарғысының көшірмесін жыртып тастаған әрекетін сынға алып, оны «қойылым» деп атады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, БҰҰ баспасөз хатшысының орынбасары Фархан Хак Израильдің БҰҰ-дағы елшісі Гилад Эрданның әрекетінен кейін ұйымның барлық мүшелерін БҰҰ Жарғысын құрметтеуге шақырды.
Фархан Хак жұма күнгі Израильдің БҰҰ-дағы елшісі Гилад Эрданның Палестинаның БҰҰ ұйымына толық мүшелігіне дауыс беру қарсаңындағы әрекеттері туралы сұраққа берген жауабында: «Біз бұған дейін де, қазір де ұйым өкілдерінің сөйлеген сөздері мен олардың қойылымдарына ешқандай түсініктеме берген емеспіз» деді.
Сонымен қатар Фархан Хак сөзінде: «Жарғыға келетін болсақ, БҰҰ-ның негізі- Жарғыны құрметтеу екені анық және ұйымға мүше барлық елдер БҰҰ-ның Жарғысын орындауға міндеттеме алды және біз олардан осы Жарғыны орындауды күтеміз», деп қосты.
Араб елдері тобының БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестинаны ұйымға толық мүшелікке қабылдау туралы қарарын қараумен бір мезгілде Израильдің БҰҰ-дағы елшісі Гилад Эрдан БҰҰ Жарғысын көпшіліктің алдында жыртып тастады.
Палестинаның БҰҰ-ға мүшелігі туралы қарарды қайта қарау жөніндегі отырыстың күн тәртібіне ашуланған Израильдің БҰҰ-дағы елшісі сөзін аяқтағаннан кейін Хамас жетекшілерінің бірі Яхья Санвардың суретін ұстаған күйі Бас Ассамблеядан шығып кетті. Ал залда отырған Израиль делегациясы қатты ашуланды.
Израильдің БҰҰ-дағы елшісі сөзінде: «БҰҰ қазір лаңкестік мемлекетті өз қатарына қабылдауда» деді.
Гилад Эрдан БҰҰ Бас Ассамблеясында: «БҰҰ бүгін керісінше әрекет етіп, біздің заманның Гитлері басқарған Палестина лаңкестік мемлекетін құруды насихаттап отыр. Бүгінде зұлымдықтың алдын алу үшін құрылған мекеме лаңкестік мемлекетті өз қатарында алуда», деп атап өтті.
Израильдің БҰҰ-дағы елшісі сөзін жалғастыра: «Әрбір сауалнама Палестина сайлауында Хамастың жеңіске жететінін болжайды. Сондықтан бүгін Бас Ассамблея Палестина автономиясына мемлекеттік құқықтар беруді ғана көздеп қоймай, сонымен бірге болашақ лаңкестік Хамас мемлекетіне артықшылықтар мен құқықтар беруге ұмтылуда», деп қосты.
Ашуға булыққан Израильдің БҰҰ-дағы өкілі Палестинаны мойындайтын Жарғыны қабылдамайтынын және БҰҰ Жарғысын өзгерту қажеттігін айтты.
2024 жылдың 10 мамыр күні БҰҰ Бас Ассамблеясы Палестинаның БҰҰ Жарғысының талаптарына сай БҰҰ-ға 194-ші толық мүшелігіне берген өтінішін Қауіпсіздік кеңесінің қайта қарауына беру үшін қарарды дауысқа салды.
БҰҰ Бас Ассамблеясында Палестинаның БҰҰ-ға толық мүшелігі туралы жобаны 143 мемлекет қолдады. 9 мемлекет қарсы және 25-і қалыс қалды.
Палестина және араб елдерінің тобы қарар жобасын мақұлдау Палестинаға БҰҰ-да көбірек құқықтар мен артықшылықтар береді деп есептейді.
Қазіргі таңда Палестина БҰҰ-ның «тұрақты бақылаушы мемлекет» мәртебесіне ие. Алайда Палестина осы халықаралық ұйымның толыққанды мүшесі болу үшін жылдар бойы талпынып келеді. Бірақ өткен айда АҚШ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарына вето қойды.
Осыған қарамастан, БҰҰ Бас Ассамблеясы өзінің шұғыл отырысында Палестинаға толық мүшелік бермейтін, дегенмен Палестинаға БҰҰ-ның әртүрлі ұйымдары мен институттарына қосылу сияқты көбірек құқықтар мен артықшылықтар беретін қарар жобасын талқылады. Осы қарардың қабылдануымен Палестина толық мүшелікке құқығы бар мемлекет ретінде танылды.
БАӘ өкілі Араб елдері тобының атынан қарар жобасын таныстырды және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен қарарды қарауға шақырып, Палестинаның ұйымға толыққанды мүшелігін ұсынды.



















