Иран СІМ баспасөз хатшысы Насер Канани Ауғанстанның әртүрлі қалалары мен ауылдарында су тасқынының орын алуына байланысты өкініш білдірді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Насер Канани Ауғанстан билігі мен халқына су тасқынының орын алуына байланысты Иран үкіметі мен халқы атынан өкініш білдіріп, апат салдарынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтты.
Сонымен қатар Иран СІМ баспасөз хатшысы табиғи апат салдарынан жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуін тіледі.
Ауғанстанда толассыз жаңбыр салдарынан қаза тапқандардың саны 300-ден асты.
Қазір Бағлан, Тахар, Бадахшан сияқты су басқан аймақтарда жағдай күрделі. Бұл жерлерде көлік қозғалысы шектеліп, ауызсу, кәріз жүйесі істен шыққан. Сондай-ақ 2 мыңнан астам тұрғын үй қирап, жүздеген адамға жедел көмек көрсетілген.
Із-түзсіз кеткендер санының өте көп болуына байланысты табиғи апат құрбандарының саны әлі де өсуі мүмкін.
Ауғанстан билігі су астында қалған елді мекендерді бақылауға алып, тұрғындарды эвакуациялауда.
Синоптиктер Ауғанстанда қолайсыз ауа райы бірнеше күн жалғасатынын ескертеді.



















