Америка Құрама Штаттары Ормұз бұғазында Иранға қарсы әскери-теңіз қоршауын қайта жариялады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, АҚШ Қарулы Күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) жергілікті уақыт бойынша кеше, 13 шілде күні кешке Иран порттарына қарсы әскери қоршауды қайта іске қосатынын жариялады.
Бұл шектеулер Иран порттары мен жағалау аймақтарына қатынайтын барлық кемелерге бағытталған. АҚШ әскерилері блокада талаптарын сақтаған кемелердің аймақтық сулар арқылы өтуіне кедергі келтірмейтінін мәлімдеді.
Бұған дейін АҚШ Президенті Дональд Трамп Вашингтонның Иран порттарын қоршауға алуды қайта бастайтынын жариялаған болатын. Сондай-ақ Трамп кеше, 13 шілде күні Вашингтонның Ормұз бұғазындағы кеме қатынасының қауіпсіздігін өз күшімен қамтамасыз ететінін және бұл қызметі үшін сауда кемелерінен 20 пайыздық алым жинауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Иранның Жоғарғы көшбасшысының кеңесшісі Мохаммад Мохбер бұл мәселеге қатысты мәлімдеме жасап, Тегеранның Ормұз бұғазына бақылауын сақтап қалатынын айтып, ирандық кемелердің бұғаздан өтуі үшін ешкімге алым-салық төлемейтінін және бұл құқықты қорғау үшін күресетіндерін мәлімдеді.
Мохбер X әлеуметтік желісінде бұл міндеттен бас тарту Иран мүддесін қолдайтындардың ойына да келмеуі тиіс екенін ескертіп, Ормұз бұғазының ел үшін стратегиялық маңызы кез келген басқа мәселеден жоғары екенін баса айтты.




















