Иранның Чабаһар порты арқылы транзит көлемі 86 пайызға артты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранның оңтүстік-шығысындағы Систан және Белуджистан провинциясында орналасқан Чабаһар порты транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттырды.
Иран күнтізбесі бойынша ағымдағы жылдың алғашқы тоғыз айында (2025 жылдың 21 наурызы мен 21 желтоқсаны аралығында) жүк тасымалы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 86 пайызға өскен. Бұл туралы Систан және Белуджистан провинциясының Оңтүстік автомобиль және жүк тасымалы басқармасы директорының орынбасары Меһрулла Дамуқ мәлімдеді.
Оның айтуы бойынша, тоғыз айда Чабаһар порты арқылы 10,7 мың тоннаға жуық жүк жөнелтілген.
Меһрулла Дамуқтың сөзінше, Чабаһар порты арқылы негізінен күн батареялары, крандар, қант қамысы, бояу материалдары және өзге де тауарлар тасымалданған. Ол Чабаһар портының Орталық Азия елдерінің халықаралық су айдындарына шығуына және Иранның шығыс бөлігі арқылы жүк тасымалын дамытуға мүмкіндік туғызып отырғанын айтты.
Қазіргі уақытта Иран үкіметі порттың әлеуетін арттыру мақсатында екінші кезеңді дамыту жоспарын жүзеге асыруда. Құрылыс жұмыстары толық аяқталып, қажет құрал-жабдықтарды орнату кезеңі басталды.
Жоба аясында үндістандық IPGL компаниясы порт инфрақұрылымына жалпы көлемі 370 миллион доллар инвестиция құю туралы шешім қабылдады. Бүгінгі таңда Чабаһар портының жылдық жүк тиеу-түсіру қуаттылығы 8,5 миллион тоннаны құрайды. Порт 100 мың тоннаға дейінгі ірі кемелерді қабылдауға қабілетті.


















