Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков кеше, дүйсенбі күні Швейцарияда Ресейдің қатысуынсыз өткен Украина бойынша бейбітшілік саммиті еш нәтиже бермеді деп мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков дүйсенбіде өткен баспасөз мәслихатында тілшілерге сенбі және жексенбі күндері Швейцарияда өткен Украина бойынша бейбітшілік саммиті туралы: «Егер біз бұл саммиттің жалпы әсері туралы айтатын болсақ, оның әсері нөлге тең»,- деді.
Кремльдің жоғары лауазымды шенеунігі Мәскеу Швейцариядағы саммитке қатысқан көптеген ел Ресейдің қатысуынсыз Украина туралы пікірталастың тиімсіздігін тілге тиек еткеніне сенімді екенін атап өтті.
Песков сөзінде: «Мәскеу Швейцариядағы іс-шараға қатысқан көптеген делегациялар Ресей тарапының қатысуынсыз Украина туралы талқылаулардың еш пайдасы жоқ екенін айтқанына сенімді»,- деді.
Сонымен қатар Ресей президентінің баспасөз хатшысы 17 маусымда тілшілерге Швейцариядағы саммит коммюникесіндегі Ресейдің кейбір серіктес елдерінің қойылған қолдары Ресей Федерациясының осы мемлекеттермен қарым-қатынасын бұзбайтынын атап: «Бізбен ынтымақтасуға дайын барлық елмен ынтымақтастықты жалғастырамыз. Бұл біздің президентіміздің ұстанымы. Ол әлі де байыпты, іргелі және жемісті диалогтар мен келіссөздерге ашық»,-деп баса айтты.
16 маусымда Швейцариядағы саммит коммюникесіне қол қоюдан бас тартқан елдер қатарына БРИКС мүшелері, атап айтқанда Бразилия, Үндістан, Оңтүстік Африка Республикасы, БАӘ, сондай-ақ, Армения, Бахрейн, Индонезия, Ливия, Мексика, Сауд Арабиясы және Таиланд кіргені белгілі болды. Кейінірек Ирак пен Иордания өкілдерінің қолдары құжаттан алынып тасталды.
Сонымен қатар Кремльдің баспасөз хатшысы тілшілерге Владимир Путиннің Солтүстік Кореяға 18-19 маусым аралығында, Вьетнамға 19-20 маусымда баратынын хабарлады.



















