Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Израильді «Газа секторында әскери қылмыс жасап, халықаралық құқықты бұзды» деп айыптап, оны «террорист мемлекетке» теңеді. Бұл туралы Ердоған сәрсенбі, 15 қарашада Түркия парламентінде сөйлеген сөзінде мәлімдеді.
Ал ХАМАС-ты Режеп Тайып Ердоған «Палестина халқы таңдаған саяси партия» деп атады.
Анадолы агенттігінің мәліметіне қарағанда, Ердоған Түркия парламентарийлерінің алдында сөйлеген сөзінде Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың қызметте ұзақ қалмайтынын айтты.
«Израиль- террористік мемлекет. Мен мұны ашық айтамын. Кейбіреулер ХАМАС-ты террористік ұйым дейді. Мен оны террористік ұйым деп айта алмаймын. Өйткені ол сайлауда Палестина халқының дауысын алып, жеңіске жеткен. Оның жеңісін АҚШ пен Израиль тартып алып жатыр», – деді Түркия Президенті.
Сондай-ақ Ердоған «Ал Израиль болса, осы күндері көрші елдердің айыптауларына қарамай, Газа секторында соғысып жатыр,-деп мәлімдеді.
Еске сала кетсек, 2018 жылы Израиль өзін тек еврейлердің мемлекеті деп сипаттайтын заң қабылдаған кезде Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Израильді «фашист» әрі «нәсілшіл ел» деп атаған еді.



















