БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Ауғанстанның іс жүзіндегі билігі елде ұзақ мерзімді бейбітшілік пен дамуды қаласа, әйелдер мен қыздарға қойылған шектеулерді алып тастауы керек деп баса айтты.
БҰҰ ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, Гутерриш Дохада қткен екі күндік кездесуде журналистер алдында сөйлеген сөзінде осы іс-шараға қатысушылар – ұлттық және аймақтық деңгейдегі Ауғанстан бойынша арнайы өкілдер іс-қимыл жоспары бойынша консенсусқа келгенін айтты.
БҰҰ басшысы: «Біз Ауғанстанның бейбітшілікте, ел ішіндегі тыныштықта, көрші елдермен татулықта өмір сүргенін және оның халықаралық қауымдастыққа, көршілеріне және өз халқының құқықтарына қатысты егеменді мемлекеттің жауапкершілігін өз мойнына алуын қалаймыз», — деді.
Ол конференция делегаттары тиісті қадамдар бойынша өзара түсіністікке қол жеткізгенін айтып, Қауіпсіздік Кеңесінің 2679 қарарына сәйкес жүргізілген тәуелсіз шолуда айтылған ұсыныстарды атап өтті.
Айта кетейік, 18-19 ақпанда БҰҰ-ның Дохада Ауғанстан жөніндегі конференция жабық есік жағдайында өтті.
Оған 20-ға жуық елдің Ауғанстан бойынша өкілдері қатысты. Талибан өкілдері келіссөздерге қатыспады.
БҰҰ-ның Ауғанстан бойынша алдыңғы кездесуі 2023 жылдың 1 мамырында өтті.



















