Иран президенті Ибраһим Раиси 24 қаңтар, сәрсенбі күні Анкараға ресми сапары алдында берген сұхбатында Түркияны Иран үшін маңызды сауда-экономикалық серіктес деп атады.
Кz.eurasiatoday.ru агенттігінің IRNA агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, Ибраһим Раиси сапар алдындағы сұхбатында Түркиямен сауда айналымын 30 млрд долларға дейін жеткізу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Ибраһим Раисидің мәлімдеуінше, сапар барысында Иран мен Түркия арасында екіжақты қарым-қатынасты дамытуға байланысты мәселелерді талқылау үшін келіссөздер жүргізіледі.
Иран Президенті осы мақсатта ортақ делегация құрылатынын айтты.
Иран президентінің Түркияға сапары барысында бірқатар өзекті мәселелер, соның ішінде Палестина мәселесі де қаралады.
Раисидің айтуы бойынша, Газаны бомбалауды тоқтатуға қаншалықты талпыныс жасалып жатқанның өзінде әлі күнге дейін сектордағы әйелдер мен балалар жапа шегуде.
Айта кетсек, сәрсенбі күні Иран президенті Ибраһим Раиси Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның шақыруымен Анкараға аттанды. Бұған дейін Раисидің 4 қаңтарға жоспарланған Түркияға сапары Кермандағы лаңкестік оқиғаға байланысты кейінге шегерілген болатын.



















