Ирак Өкілдер кеңесінің төрағасы Иранның АҚШ және басқа елдердің тікелей қолдауына ие болған Израильді жуырдағы соғыста жеңгенін айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Ирак Өкілдер кеңесінің төрағасы Махмуд әл-Машхадани Иран Парламентінің Ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат комитетінің делегациясымен кездесуінде мәлімдеді.
Махмуд әл-Машхадани кездесуде Иран Ислам Республикасын жуырдағы сионистік режиммен болған қақтығыстағы жеңісімен құттықтады. Ирак Өкілдер кеңесінің төрағасы Израиль режимінің АҚШ және басқа елдердің тікелей қолдауына ие болғанын, алайда Иранның үлкен жеңіске жеткенін баса айтты.
Махмуд әл-Машхадани 12 күнге созылған соғыстың зардаптарына тоқталып: “Сионистер қақтығыс кезінде баспаналарға тығылып, қорқынышпен өмір сүрді. Ал Иран халқы өздерінің күнделікті өмірлерін сүріп, үйлерінің төбесіне шығып, сионистік режимді мазақ қылды”,- деді.
Сонымен қатар, ол Ирак халқының Иран халқын мақтаныш ететінін айтып, Иран мен Ирактың ортақ саясаты мен мүдделері бар көршілес елдер екенін баса айтты.
Махмуд әл-Машхадани Бағдад пен Тегеран арасында берік қарым-қатынас орнату қажеттігін қуаттады.
Әл-Машхадани Иран Ислам Республикасының Иракты ДАИШ лаңкестік ұйымынан азат етудегі күш-жігерін жоғары бағалайтынын айтып: “Иранға қарсы басқыншылық жасалған жағдайда, Ирак Тегеранды қолдайды”, — деді.
Сондай-ақ, ол ислам елдері арасында ынтымақтастықты нығайту мен тиімді ынтымақтастық жүйесін құрудың маңыздылығын қуаттады.


















