Иран әлемдегі құрма өндіруші және жеткізуші ең ірі ел болып табылады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран жыл сайын 1,5 млн тонна құрма өндіріп, оның 430 мың тоннасын экспорттайды.
Бұл туралы Иранның Ұлттық құрма жұмыс тобының мүшесі Аболқасем Мохаммадзаде мәлімдеді.
Аболқасем Мохаммадзаденің айтуы бойынша, құрма өсіруге 300 мың гектардан астам жер бөлінген. Иран құрмасының экспорттық құны шамамен 430 млн АҚШ долларына бағаланады.
Аболқасем Мохаммадзаде Иранның өз өнімін Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері, Қазақстан, Қытай және Ресейге жеткізетінін айтады.
Ол сондай-ақ әлемде жыл сайын шамамен 9 млн тонна құрма өндірілетінін, оның 7 млн тоннасы өндіруші елдердің өзінде тұтынылатынын, тек 2 млн тоннасы ғана әлемдік нарықта сатылатынын айтты.
Ираннан бөлек, құрма жеткізуші елдердің алғашқы ондығына Мысыр, Сауд Арабиясы, Алжир, БАӘ, Оман және Тунис кіреді.


















