Батыс Азиядағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты қазанның 2 күні ұшуды уақытша тоқтатқан Иран әуежайлары жұмысын қайта бастады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Азаматтық авиация ұйымының өкілі Джафар Язерлу мәлімдеді.
Израильге жасалған зымыран шабуылынан кейін қазанның 2 күні Иран әуежайлары жұмысын уақытша тоқтатқан болатын. Алайда кеше, қазанның 3 күні Иран әуежайларынан рейстер қайта басталды.
Иранның Азаматтық авиация ұйымының өкілі Джафар Язерлудың айтуы бойынша, қолайлы және қауіпсіз ұшу жағдайлары қамтамасыз етілгеннен кейін, шектеулер алынып, авиакомпанияларға рейстерді орындауға рұқсат берілді.
Джафар Язерлу бейсенбі күні хабарлама жасап, жолаушыларға әуежайға барар алдында әуе компанияларының ұшу кестелерін тексеруге және саяхат жоспарларын растауға кеңес берді. Иранның Израильге жасаған зымыран шабуылынан кейін Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі еуропалық әуе компанияларына 31 қазанға дейін Иранның әуе кеңістігін айналып ұшуды ұсынды.
Сондай-ақ, ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті де сейсенбі күні хабарлама жариялап, қазақстандық авиакомпанияларға Иранның әуе кеңістігін айналып ұшуды ұсынды.
Uzbekistan Airways әуе компаниясы да ұшақтарының Ирак пен Иран әуе кеңістігін айналып өтетінін мәлімдеді.


















