Иран Бушер провинциясында Америка Құрама Штаттарының MQ-9 Reaper ұшқышсыз ұшу аппаратын жойғанын мәлімдеді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Тегеранның жаңа әуе қорғаныс кешені 8 шілде күні таңертең Иранның оңтүстігіндегі Хормудж қаласы маңында америкалық дронды атып түсірді.
Иран бұл оқиғаны елдің заманауи әуе қорғанысы жүйесінің тиімділігінің дәлелі ретінде бағалап отыр.
Түркияның Anadolu агенттігі Иранның мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасап, Ислам революциясы Сақшылар корпусы Әуе-ғарыш күштерінің Бушер провинциясындағы Хормудж аспанында АҚШ-тың MQ-9 аппаратын атып түсіргенін хабарлады.
Тегеран бұл инцидентті Вашингтонның әуе басқыншылығына қайтарылған қарымта жауап ретінде сипаттады.
Бұл инцидент халықаралық деңгейде үлкен резонанс тудырды. Себебі бұл жолы әңгіме қарапайым шағын барлау дроны емес, АҚШ әскерилері ұзақ уақыт бойы бақылау жүргізу, барлау жұмыстары мен әуе шабуылдарын жасау операцияларында кеңінен қолданатын ауыр санаттағы көпмақсатты ұшқышсыз аппарат туралы болып отыр.
АҚШ армиясының негізгі ұшқышсыз авиациялық платформаларының бірі саналатын MQ-9 Reaper аппаратының әскери маңызы өте жоғары. «General Atomics Aeronautical Systems» өндіруші компаниясының мәліметінше, алғаш рет 2001 жылы сынақтан өткен бұл көпмақсатты кешен ауада үзіліссіз 27 сағаттан астам уақыт тұруға, сағатына 240 торапқа дейінгі жылдамдықты дамытуға және 50 мың фут биіктікте еркін әрекет етуге қабілетті. Сондай-ақ, аталған дрон заманауи барлау жабдықтары мен қуатты қару-жарақ түрлерін қоса алғанда, едәуір көлемдегі пайдалы жүк тасымалдай алатын стратегиялық артықшылыққа ие.
Сондықтан Бушер провинциясында мұндай ұшқышсыз аппараттың жойылғаны туралы мәлімдеме қарапайым әскери оқиға емес, Иранның стратегиялық маңызды оңтүстік өңірдегі әуе кеңістігін толық бақылауға қабілетті екенін аңғартатын саяси сигнал ретінде бағалануда.
Бушер провинциясы Иран үшін ерекше стратегиялық маңызға ие. Бұл аймақ Парсы шығанағына шығатын негізгі қақпа саналады әрі маңызды халықаралық теңіз жолдары мен энергетикалық инфрақұрылым нысандарына жақын орналасқан. Сондықтан Тегеран америкалық барлау платформаларының кез келген белсенділігін ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер әрі қысым көрсету элементі ретінде қабылдайды.
MQ-9 аппаратына қатысты ақпарат Вашингтон мен Тегеран арасындағы әскери-саяси текетірес қайта орын алған кезеңде жарияланды.
Anadolu агенттігінің хабарлауынша, Иранның бұл мәлімдемесі АҚШ-тың Иран аумағына жасаған жаңа әуе шабуылдары және Тегеранның аймақтағы америкалық әскери нысандарға қарсы жауап ретінде зымыран мен дрон операциясын бастағанын жариялауы аясында жасалды.
Иран бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, америкалық күштер Бушер, Чабаһар, Бендер-Аббас аудандарына, Әбу Мұса аралына, Джаск, Сирик және Ираншеһр қалаларына әуе шабуылдарын жасаған. Тегеран бұл әрекеттерді атысты тоқтату режимі мен өзара түсіністік туралы меморандумның кезекті рет бұзылуы ретінде бағалап отыр. Бұған жауап ретінде Ислам революциясы Сақшылар корпусы Кувейт пен Бахрейндегі АҚШ-тың әскери базаларының маңызды инфрақұрылымдық нысандарына зымыран және дрон шабуылдары жасалғанын мәлімдеді.
Ислам революциясы Сақшылар корпусының мәліметінше, қарымта жауап операциясы аясында Әскери-теңіз күштері мен Әуе-ғарыш күштері бірлескен зымыран және дрон шабуылын жүргізіп, Кувейттегі Кэмп-Арифджан мен Әли әл-Салем, сондай-ақ Бахрейндегі Джафир және Шейх Иса америкалық әскери базаларының маңызды инфрақұрылымдық нысандарына шабуыл жасады. Сонымен қатар, Ислам революциясы Сақшылар корпусы Американың жаңа шабуылдар жасалған жағдайда аймақтағы өзге америкалық әскери нысандарға бұдан да қуатты соққылар жасалатынын ескертті.

















