Иран Атом Қуаты Халықаралық Агенттігімен ынтымақтастығын толығымен тоқтатуы мүмкін.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша егер Ұлыбритания, Германия және Франция БҰҰ-ның санкцияларын жаңарту механизмін іске қосса, Иран Атом Қуаты Халықаралық Агенттігімен ынтымақтастығын толығымен тоқтатуы мүмкін.
Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Ғарибабади мәлімдеді.
Иран мен «Еуро үштігі» арасындағы 26 тамызда Женевада өткен келіссөздер нәтижесіз аяқталды. Батыс елдері Ираннан АҚХА инспекторларының ядролық нысандарына кіру мүмкіндігін қалпына келтіруді талап етті.
Қазанның 18-інде іске қосылуы мүмкін «snapback» механизмі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Иранға қарсы санкцияларды қайта салуға мүмкіндік береді. Егер ол іске қосылса, Иран да Ядролық қаруды таратпау туралы келісімнен шығатынын туралы мәлімдеме жасады.
Кеше, тамыздың жиырма жетісі, сәрсенбі күні АҚХА инспекторлар тобы Иранға келіп, жұмысқа кірісуге дайындықты бастады.
Халықаралық Атом Қуаты Агенттігінің басшысы Рафаэль Гросси агенттік инспекторларының Израиль мен Америка Құрама Штаттары Иранның ядролық нысандарына, соның ішінде бункерге қарсы бомбаларымен шабуыл жасағаннан кейін алғаш рет Иранға оралуын ілгерілеушілік деп атады.
Айта кетейік, Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Атом Қуаты Халықаралық Агенттігі инспекторларының Тегеранға оралуы Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің шешімімен жүзеге асырылғанын баса айтты.
















