Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Насер Канани АҚШ Бас прокурорының Тегеран алдағы АҚШ президент сайлауына ықпал етпек болды деген негізсіз және біржақты айыптауын жоққа шығарды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Насер Канани кеше, жұма күні мәлімдеді.
Насер Канани АҚШ-тың Бас прокуроры Меррик Гарландтың «Ресей, Қытай және Иран алдағы АҚШ президент сайлауына ықпал етпек болды» деген мәлімдемесін қабылдамайтынын, АҚШ Үкіметінің жауапты тұлғaлары елінің ішкі олқылықтарында басқаны айыптай алмайтынын айтты.
Гарланд жұмыс тобының отырысында сөйлеген сөзінде Иранды сайлау нәтижесіне ықпал ету мақсатындағы агрессивті әрекеттері үшін айыптады. Гарланд барлау мәліметтеріне сілтеме жасап: «Біз осы сайлау науқаны барысында Иранның агрессивті белсенділігін байқадық»,- деді.
Канани Гарландтың бұл мәлімдемесіне жауап ретінде негізсіз және біржақты айыптаулар қабылданбайтынын және мұндай айыптаулар АҚШ-тың ішкі саяси мақсаттарды көздейтінін айтты. Канани: «Басқа тәуелсіз мемлекеттердің ішкі істеріне заңсыз араласуда тәжірибесі бар АҚШ Үкіметі өздерінің ішкі мәселелері мен дағдарыстарын шеше алмай, өзінің қараңғы тарихын жасыру арқылы бар кінәні басқа елге жүктей алмайды», — деді.
Еске сала кетейік, АҚШ-тың Федералдық тергеу бюросы, Ұлттық барлау басқармасының директоры мен АҚШ инфрақұрылымының киберқауіпсіздігі және қорғау агенттігі бірлескен мәлімдеме жасап, Трамп пен Харристің президенттік науқандарына қарсы жасалған кибершабуылдың артында Иран тұрғанын айтты. Олар Иранды, басқа да елдермен бірлесіп, алдағы АҚШ президент сайлауына ықпал етпек болды деп айыптады.

















