Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи елінің Армениямен ынтымақтасуға дайын екенін қуаттады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Иран президенті Масуд Пезешкианның Арменияға сапары қарсаңында Иран мен Армения арасындағы қарым-қатынастың болашағы өте жарқын және бұл жолды ешкім бұза алмайтынын баса айтты.
Арақчи Иранның екі ел арасындағы ұзақ мерзімді жаңа тарауды бастау үшін Армениямен ынтымақтасуға дайын екенін қуаттады. Иран Сыртқы істер министрінің айтуынша, бұл тарау екі халыққа да, аймаққа да, одан тыс жерлерге де қауіпсіздік әкеледі.
Арақчи Иран мен Армения арасындағы байланыс бүгінде армян қауымдастығының арқасында жалғасып жатқанын айтып: «Ирандық армяндар елдегі ең ірі діни азшылық болып табылады және Иранның қоғамдық өмірінің барлық аспектісіне белсенді түрде қатысады”, -деді.
Айта кетейік, Иран президенті Масуд Пезешкиан 18-21 тамыз күндері үш күндік ресми сапармен Арменияға барады.
Пезешкианның сапары аясында 19 тамыз күні Ереванда бизнес-форум өтеді.


















