Иранның Атом энергиясы жөніндегі ұйымы АҚХА Бас директоры Рафаэль Гроссидің мәлімдемесіне жауап беріп, кәсіби емес әңгімелерді тоқтатуға шақырды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранның Атом энергиясы жөніндегі ұйымы бейсенбі, 20 ақпан күні АҚХА Бас директоры Рафаэль Гроссидің жасаған жуырдағы мәлімдесіне жауап берді.
Иранның Атом энергиясы жөніндегі ұйым мәлімдемесінде: “АҚХА Бас директорынан маңызды халықаралық ұйымның жоғары лауазымды қызметкері ретінде әрқашан саяси көзқарастан алшақ, бейтарап және кәсібилік қағидаттарын сақтап, әрекет етеді деп күтілуде. Өкінішке орай, Гросси мырзаның кейбір мәлімдемелері мен ұстанымдары, әсіресе оның жақындағы мәлімдемесі мұндай сипаттамалардан ада. Бұл халықаралық ұйымның бейтараптық пен кәсібилік жолынан шығып, оның беделіне нұқсан келтіреді деген алаңдаушылық тудырады.
Америка мен кейбір Батыс елдері ұйымды Иранға әділетсіз қысым көрсету үшін пайдалануға тырысып жатқандықтан, бұл саяси және кәсіби емес мәлімдемелер олардың заңсыз мақсаттарына сылтау бола алады.
Гроссидің Жапонияда өткен баспасөз мәслихатында жасаған мәлімдемесі кәсібиліктен кенде сөйлеудің бір мысалы болып табылады. Ол өз мәлімдемесінде Ираннан ядролық қару жасауға ұмтылмайтынын дәлелдеуді талап етті.
Гросси Иранның ядролық нысандары әлемдегі жалпы ядролық нысандардың 3 пайыздан азын құраса да, АҚХА-нің барлық тексерісінің шамамен төрттен бірін құрайтынын бәрінен де жақсы біледі.
Иран өзінің ядролық бағдарламасының тек бейбіт мақсатта екенін бірнеше рет мәлімдеді. Бас директордың мәртебесіне сәйкес келмейтін мұндай саяси астарлы мәлімдемелерді қайталауды тоқтату керек”,- деп жазды.



















