Иран Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Қатар және Кувейт елдерін айыптап, Біріккен Ұлттар Ұйымына шағым түсірді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл елдер жері мен әуе кеңістігін АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы шабуылдар жасауы үшін пайдалануға мүмкіндік берген.
Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Саид Иравани АҚШ пен Израильдің шабуылдарында өз аумағы мен әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат бергені үшін БАӘ, Сауд Арабиясы, Қатар және Кувейтке наразылық білдіріп, БҰҰ Бас хатшысы мен Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасына жеке-жеке хат жолдаған.
Хаттарда Иран Қарулы Күштерінің мониторингі мен бағалау деректеріне сүйене отырып, «АҚШ пен Израиль заңсыз әскери операцияларды жүргізу үшін БАӘ, Сауд Арабиясы, Қатар және Кувейттің аумағы мен әуе кеңістігін пайдалануды жалғастырып жатқаны анықталды» деп жазылған.
Құжаттарда аталған елдердің аумағынан жасалған шабуылдарға қатысты құжаттар қоса тіркелген. Сондай-ақ, бұл мемлекеттерден тату көршілік қағидатын сақтау және өз аумағын Иранға қарсы пайдалануға жол бермеу талап етілген.
Сонымен қатар, Иран көрші елдердің егемендігін құрметтеу қағидатына адалдығын сақтай отырып, өзінің егемендігін, аумақтық тұтастығын және саяси тәуелсіздігін қорғау үшін барлық шараны, соның ішінде өзін-өзі қорғау деген заңды құқығын пайдаланатыны жазылған.


















