Иран Президенті Масуд Пезешкиан елінің ешқашан ядролық қаруға ұмтылмағанын, болашақта да ұмтылмайтынын айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Президент Пезешкиан кеше, жексенбі күні кешке министрлер кабинетінің отырысында сөйлеген сөзінде Тегеранның АҚШ-пен ядролық бағдарлама бойынша жанама келіссөздер жүргізіп жатқанына тоқталып: “Біз бейбітшілікті қалаймыз және соғысқа ұмтылмаймыз.
Иран Ислам Республикасы ешқандай жағдайда да аймақта бейберекеттікке ұмтылмайды.
Иранның ешқашан ядролық қару жасауға ұмтылмағанына, қазір және болашақта да ұмтылмайтынына сендіре аламыз”,-деді.
Сондай-ақ, Масуд Пезешкиан Иранның келіссөздерге байыппен қарайтынын, елінің бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарламасын жүзеге асыру құқығынан ешқашан бас тартпайтынын баса айтты.
Осы уақытқа дейін АҚШ пен Иран Оманның арағайындығымен келіссөздердің төрт кезеңін өткізді.
Тараптар 12 сәуір күні жанама келіссөздерді бастады. Келіссөздердің екінші кезеңі 19 сәуірде Италия астанасы Римде, үшінші кезеңі 26 сәуір күні Оманда өтті.
Келіссөздердің төртінші кезеңі мамырдың үші күні Римде өтеді деп жоспарланған болатын. Алайда, логистикалық және техникалық себептерге байланысты кейінге қалдырылған келіссөздердің төртінші кезеңі кеше, 11 мамырда Оманда өтті.


















