Иран Президенті Ибраһим Раиси ислам елдерін Израильге қарсы санкциялар салуға шақырды.
Бұл жөнінде мәлімдемені Ибраһим Раиси Газа секторындағы жағдай бойынша араб-мұсылман елдерінің Эр-Риядта өткен кезектен тыс саммитінде жасады.
Иран Президенті сөзінде Газа секторында қақтығыс жалғаса беретін болса Израильмен күресу мақсатында ислам әлемінің елдері палестиналықтарды қарумен қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
«Егер сионистік режимнің әскери қылмыстары жалғаса беретін болса, АҚШ бұл соғысты тоқтатпаса, ислам елдері Палестинаны қару-жарақпен қамтамасыз етіп көмектесуі керек», — деді.
Сонымен қатар, Раиси ислам елдерін Израильмен кез келген саяси және экономикалық қарым-қатынасты тоқтатуға шақырып, ислам елдерінің қабылдауымен Газаны қалпына келтіру мақсатында арнайы қор құруды ұсынды.
Бұған дейін қазан айында да Теһран мұсылман елдерін Израильге қарсы мұнай эмбаргосы мен басқа да санкциялар енгізуге шақырған болатын.
Айта кетсек, Иран Президенті сенбі күні Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы басшыларының шұғыл жиналысына қатысу үшін Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядқа он бір жылдан кейін барған еді.


















