Иран мен Түрікменстан энергетика және транзит салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, өзара жылдық тауар айналымын 3 миллиард долларға жеткізуді жоспарлап отыр.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, 2026 жылдың 21 наурызынан бастап екі ел арасындағы сауда көлемі айтарлықтай өсті. Тегеран мен Ашхабад бұл байланысты энергетика, транзит, шекара маңы саудасы және инженерлік қызметтер бағытында дамытуға ерекше мән беріп отыр.
Иран мен Түрікменстан 2025 жылдың мамыр айында Тегеранда өткен бірлескен комиссияның 18-ші отырысында саудамен қатар көлік, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және инвестиция салаларындағы ынтымақтастықты да талқылаған болатын.
Иран Кеден басқармасының дерегінше, 2025 жылдың 21 наурызы мен 21 желтоқсаны аралығында бұл елдің Түрікменстанға мұнайдан тыс өнімдер экспорты 495 миллион долларға жеткен.
Логистикалық қиындықтарға қарамастан, екі елдің ресми өкілдері өзара сауда көлемін 3 миллиард долларға жеткізу мақсатында 2026 жылы осы бағыттағы жұмысты күшейтті.
Ұзындығы шамамен 1000 шақырым ортақ шекарасы бар бұл екі мемлекет үшін бір-бірінің орны ерекше. Иран Түрікменстан үшін Парсы шығанағы мен оңтүстік нарықтарға шығатын негізгі қақпа болса, Түрікменстан Иранды Орталық Азиямен байланыстырып қана қоймай, энергетикалық қажеттіліктерін өтейтін маңызды серіктес саналады.

















