Иран Өзбекстанмен экономикалық байланысын 5 миллиард долларға дейін арттыруға дайын.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Парламенті төрағасының орынбасары Хамидреза Хаджи Бабайи бейсенбі күні Өзбекстанның Олий Мәжілісі заң шығару палатасының спикері Нурдинжон Исмоиловпен кездесіп, елінің Өзбекстан Республикасымен экономикалық байланыс көлемін 5 миллиард долларға дейін арттыруға дайын екенін қуаттады.
Кездесу барысында Иран Парламенті төрағасының орынбасары Хаджи Бабайи дос әрі бауырлас екі ел арасындағы тарихи қарым-қатынасқа тоқталып, Иран әрқашан аймақта және бүкіл әлемде бейбітшілікті сақтауға ұмтылатынын айтты.
Бабайидың айтуы бойынша, Иранның мұнай өңдеу зауыттары мен электр станцияларын салуға, автомобиль, теміржол, энергетика және тау-кен жобаларын жүзеге асыруға үлкен мүмкіндігі бар.
Иран Парламенті төрағасының орынбасары елінің жоғарыда аталған жобаларды жүзеге асыруда Өзбекстанмен ынтымақтастыққа дайын екенін қуаттады.
Ол Иран мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымының қазіргі көлемін шамамен 500 миллион долларға бағалап, екіжақты сауда көлемін ұлғайту үшін үлкен әлеуеті мен мүмкіндіктер бар екенін айтты.
Өзбекстанның Олий Мәжілісі заң шығару палатасының спикері Иранның парламенттік делегациясының сапармен келуіне ризашылық білдіріп, Өзбекстанның Иранмен қарым-қатынасты барлық салада, әсіресе, сауда және экономика саласында кеңейтуге аса мән беретінін баса айтты.


















