Иран билігі Ормұз бұғазындағы кеме қатынасын қайта қалыпқа келтіру АҚШ-тың әскери қысымы немесе қоқан-лоқысы арқылы жүзеге аспайтынын баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран Қарулы Күштерінің өкілі Мохаммад Акраминия Ормұз бұғазындағы кеме қатынасын қайта қалыпқа келтіру үшін Вашингтон Исламабад өзара түсіністік меморандумының талаптарын орындап, әскери іс-қимылдарын тоқтатуы тиіс екенін мәлімдеді.
Акраминия Mehr агенттігіне берген сұхбатында Тегеранның әскери қысым мен қоқан-лоқыға бой бермейтінін баса айтты.
Иран Қарулы Күштерінің өкілі: «АҚШ-тың Исламабадта қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум талаптарын толық орындауы, барлық әскери іс-қимылды тоқтатуы және Иранның егемендік құқықтарын құрметтеуі – Ормұз бұғазындағы кеме қатынасын қайта қалыпқа келтірудің басты шарттары», – деді.
Акраминияның айтуынша, Тегеранның бұл ұстанымы ескерілмейінше, бұғаз жабық күйінде қала бермек. Сонымен қатар Мохаммад Акраминия АҚШ пен оның одақтастарының Ормұз бұғазындағы Исламабад өзара түсіністік меморандумынан тыс кез келген қадамын Иранның егемендігіне қол сұғу деп бағалайтынын баса айтып, ондай әрекеттерге елдің қарулы күштері қатаң тосқауыл қоятынын ескертті.


















