Иран Президенті Масуд Пезешкиан жалпыұлттық шеруге қатысқан халқына алғыс білдірді.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Масуд Пезешкиан кеше, 12 қаңтар күні миллиондаған ирандықтың жалпыұлттық шерулерге қатысуын жоғары бағалап, халықтың жаппай жиналуы шетелдік дұшпандар мен олардың жалдамалыларының зұлым жоспарларын сәтсіздікке ұшыратқанын мәлімдеді.
Президент Пезешкиан кеше, дүйсенбі күні Иран жүйесін қолдаған жиындардан кейін халыққа жолдаған үндеуінде тәртіпсіздіктер кезінде төзімділік танытқаны үшін халқына ризашылығын білдіріп: “Мен сіздердің құдіретті ерік-жігерлеріңіздің ұлылығына басымды иемін”,-деді.
Пезешкиан бұл жиындарды қанаушылар мен лаңкестерден қорғаудағы теңдессіз қырағылық пен жауапкершіліктің көрінісі деп атады.
Иран Президенті ішкі келіспеушіліктерге қарамастан, ұлттық мүдде мен аумақтық тұтастық жиындарға қатысушыларды біріктіретін күш болып қала беретінін баса айтты. Пезешкиан барлық провинцияда байқалған бірлік Америка Құрама Штаттарының, оның одақтастары мен Израиль режимінің қылмыстық әрекеттеріне тосқауыл болғанын айтып, бұл шерулер үкіметке елдің ішкі мәселелерін шешуде бұрынғыдан да үлкен батылдық бергенін қуаттады.
Айта кетейік, кеше, Иранның жүйесін қолдаған жиындар бүкіл ел бойынша таңғы сағат 9-да басталды.
Fars ақпарат агенттігінің мәліметінше, тек Тегеранның өзінде жиынға 3 миллионға жуық адам қатысқан. Жиынға қатысушылар шетелдік араласуды айыптайтын және Ислам революциясының көшбасшысы аятолла Сейед Әли Хаменеиді қолдайтын плакаттар ұстап шықты.


















