Иран президенті Ибраһим Раисидің Түркияға ресми сапары Керман қаласындағы лаңкестік шабуылға байланысты кейінге шегерілді.
IRNA агенттігінің Иран президентінің саяси істер жөніндегі орынбасары Мұхаммед Джамшидидің сөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, лаңкестік оқиғаны жеке бақылауына байланысты Ибраһим Раисидің Түркияға сапары басқа уақытқа ауыстырылады.
Иранның Керман қаласында орын алған жағдайдан кейін Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Иран президенті Ибраһим Раисимен телефон арқылы сөйлесіп, лаңкестік оқиғаларға байланысты көңіл айтты.
Ердоған Түркияның Иранды терроризмге қарсы күресте қолдайтынын айтып, бейбіт халыққа бағытталған террористік актіні айыптап, Иран халқына шыдамдылық тіледі.
Еске сала кетсек, Ибраһим Раисидің Түркияға сапары 4 қаңтарға жоспарланған болатын. Алайда кеше, 3 қаңтар күні Керман қаласында екі бірдей лаңкестік жарылыс орын алып, 100-ден астам адам қаза тауып, 200-ге жуық адам жарақат алды.




















