Иран Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи қазіргі уақытта Тегеранның Вашингтонмен диалог орнатуды негіздің жоқтығына байланысты жоспарлап отырмағанын баса айтты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Al-Araby Al-Jadeed басылымына берген сұхбатында мәлімдеді.
Аббас Арақчи сөзінде: “АҚШ-тың жаңа әкімшілігі саясатын қалай қалыптастырcа, біз де соған орай саясатымызды жоспарлаймыз”, – деді.
Арақчи Сириядағы қазіргі оқиғаларға тоқталып, лаңкестік топтардың белсенділік танытуы Иранға қарағанда Ирак, Иордания және Түркия сияқты Сирияға көршілес елдерге көбірек зиян келтіруі мүмкін екенін айтты.
Иран СІМ басшысы сөзінде: “Егер Сирия Үкіметі Ираннан әскер жіберуді сұраса, біз бұл өтінішті қарастырамыз”, — деді.
Арақчи Сириядағы жағдайды талқылау үшін Ресейге бару ниетін де растады. Ол сондай-ақ, Тегеранның келіспеушіліктерге байланысты Түркиямен үнемі кеңесу және диалогқа ұмтылатынын баса айтты.
Иран Сыртқы істер министрі Ислам Республикасының қарсыласу қозғалыстарымен қарым-қатынастарына қатысты ресми ұстанымын айтып: “Иран араб елдеріндегі қарсыласу қозғалыстарына бұйрық бермейді және олармен ұйымдастырушылық байланысы жоқ. Иран оларды қолдайды және қажет болған жағдайда көмек көрсетеді”, — деді.
Арақчи Иран мен Сауд Арабиясының қарым-қатынасына қатысты: “Иран мен Сауд Арабиясының қарым-қатынасы жақсы деңгейде дамып келеді. Екі ел қатынасы Тегеран мен Вашингтон арасындағы жағдайларға қатысты емес”, — деп баса айтты.
Иран СІМ басшысы елінің ядролық келіссөздеріне қатысты: “Бізде бұл мәселеде Еуропамен келіссөздерге пессимистік көзқараспен қарауға көптеген себеп бар”,-деді.

















