Иран Ислам Республикасының СІМ мәлімдемесінде Газа секторындағы атысты тоқтату келісіміне пікір білдіріп, оны Палестина халқының тарихи жеңісі деп бағалады.
Еуразия Тудейдің ИРНА агенттігіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, құжатта бұл жеңіс тарихтағы геноцид пен мәжбүрлі қоныс аударудың ең қатал түрлерінің біріне лайықты қарсылық көрсеткен газалықтардың табандылығы мен батылдығының нәтижесі екені айтылады.
Министрлік жергілікті және халықаралық деңгейде Палестина қарсыласуының барлық жақтастарын құттықтады.
Иран СІМ: “Израиль режимі 15 айдан астам уақыт бойы халықаралық құқық пен адам құқығының негізгі қағидаттарын жүйелі түрде бұзып, әлемдік державалардың қолдауымен Палестина халқын отаршылдықпен жою жобасын жүзеге асыруды жалғастырды”,- деп жазды.
Cондай-ақ, министрлік Израильдің басқыншы саясатының жан түршігерлік салдарын, соның ішінде қырғындар, маңызды инфрақұрылымның қирауы, ауруханалар мен мектептерге жасалған шабуылдар, журналистер мен медицина қызметкерлерін қудалау сияқты қылмыс салдарын атады.
Иран Сыртқы істер министрлігі мәлімдемесін қорытындылай келе, халықаралық қауымдастықты Иордан өзенінің батыс жағалауындағы адам құқықтарының бұзылуына жіті назар аударып, Израильдің басқыншы әрекеттеріне қарсы, соның ішінде халықаралық қылмыстары үшін режимнің басшыларын жауапкершілікке тарту шараларын қабылдауға шақырды.


















