Иран соңғы бірнеше жылда төменгі Жер орбитасына он жерсерігін шығарды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Түркіменстандағы Елшісі Әли Моджтаба Рузбехани мәлімдеді.
Әли Моджтаба Рузбехани Ислам революциясы жеңісінің 46-шы жылдығына арналған елшіліктегі шара барысында сөйлеген сөзінде: “Ғарыш саласындағы ирандық жас ғалымдар соңғы бірнеше жылда кем дегенде он отандық жерсерігін төменгі Жер орбитасына шығарды. Бұл жетістік біздің ғарыштық технологияларды дамытуға және жаңа көкжиектерді зерттеуге деген бейілділігімізді көрсетеді. Бұл жерсеріктер жай ғана технологиялық жетістіктер емес, олар еліміздегі ғылымның дамуы мен ғарыш саласындағы халықаралық ынтымақтастық рухына бейілділігіміздің символы болып табылады”,- деді.
Елшінің айтуынша, Иранда 10 мыңға жуық жоғары технологиялық компания бар.
Елші: “Иран ғылыми өндіріс көлемі бойынша әлемдегі екінші мұсылман елі саналады. Қазіргі уақытта еліміз науқастарды қатерлі ісік пен неврологиялық бұзылулардан емдеу үшін қолданылатын медициналық изотоптарды өндіруде әлемдік көшбасшылардың қатарында”,- деді.
Иран 2004 жылы өзінің ғарыштық бағдарламасын іске қосты. Ислам Республикасы — 1959 жылы құрылған БҰҰ-ның ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комитетінің негізін қалаушы 24 елдің бірі.


















