Иран Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің бестігіне кіріп, тауар айналымы көлемі бойынша бесінші орынға ие болды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иран 2025 жылдың қорытындысы бойынша Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің бестігіне кірді.
Тәжікстан мен Иран арасындағы тауар айналымы бір жыл ішінде айтарлықтай артты. Тәжікстан Республикасының Кеден комитеті статистикасының мәліметінше, 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 377,7 млн АҚШ долларын құраса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 483,9 млн долларға дейін өсті. Осылайша, өсім 106,2 млн долларды немесе бір жылда шамамен 28 пайызды құрады.
Ираннан Тәжікстанға негізінен мұнай-химия өнімдері, құрылыс материалдары және азық-түлік импортталады. Сонымен қатар, Ираннан жол және құрылыс жұмыстарында қолданылатын мұнай шайыры шамамен 2,5 миллион долларға, сондай-ақ 2,3–2,8 миллион долларға жуғыш заттар импортталды.
Тәжікстанның Иранға экспорты негізінен шикізаттық сипатқа ие. Экспорттың 70 пайыздан астамын түтілмеген мақта талшығы құрайды. Сонымен қатар, Тәжікстаннан Иран нарығына иірілген мақта жіп және өңделмеген алюминий жеткізілген.
Айта кетейік, 2025 жылы Тәжікстанмен сауда байланысын Ираннан бөлек Қытай, Ресей, Өзбекстан, Нидерланды және Беларусь елдері де белсенді түрде арттырған.


















