Тегеран АҚШ президенті Дональд Трамптың Ормұз бұғазы арқылы кеме қатынасы еркін жүріп жатыр деген мәлімдемесін теріске шығарды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің хатшысы Мохсен Резаи Трамптың сөзін «өтірік» деп атап, стратегиялық теңіз жолының жабық әрі Иран қарулы күштерінің бақылауында екенін мәлімдеді.
Резаи бұғаздағы теңіз тасымалының күрт төмендеуін АҚШ мәлімдемелерінің тиімсіз екеніне басты дәлел ретінде келтірді. Оның айтуынша, бұған дейін Ормұз арқылы тәулігіне жүзден астам кеме өтсе, қазір олардың саны санаулы ғана әрі қазіргі уақытта бұғаздан тек Ислам Республикасына қажет маңызды жүктерді тасымалдайтын кемелер ғана өтіп жатыр.
Reuters агенттігінің мәліметінше, тәуелсіз AIS мониторингі де Ормұз бұғазындағы кеме қозғалысының жаз айларымен салыстырғанда едәуір азайғанын көрсетіп отыр.
Иран билігі бұғазды бақылауды АҚШ-тың әскери және экономикалық әрекеттеріне жауап ретінде қарастырады. Резаи Вашингтонның Тегеран белгілеген шектеулерге қарамастан жекелеген кемелерді бұғаз арқылы өткізуге тырысып жатқанын айтты. Оның сөзінше, Иран күштері мұндай әрекеттердің жолын кесуге толығымен қауқарлы.
Иран Ормұз бұғазындағы шектеулерді қатаң реттелетін тәртіп ретінде көрсетуге тырысуда. Тегеран Парсы шығанағында жаңа шектеулі аймақ құру арқылы кемелерге жеке ереже енгізуді жоспарлап отыр.
Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі хатшысы Мохсен Резаи Тегеранның жуырда Парсы шығанағында жаңа шектеу аймағын құру туралы жариялап, бұғаз арқылы өтетін жаңа теңіз дәлізінің бағытын бекітетінін айтты.
Резаидың сөзінше, жаңа шектеу аймағына кірген кез келген кеме Иранның санкциялық тізіміне енгізіледі. Сондай-ақ Тегеран АҚШ-тың Иранға қарсы диверсиялары, қоқан-лоққылары мен шабуылдары тоқтағаннан кейін ғана Ормұз бұғазы арқылы кемелердің еркін өтуіне рұқсат береді.
Теңіз тасымалына қойылған шектеулер әлемдік мұнай нарығына да әсер етіп жатыр. Соңғы он күнде Ормұз бұғазы арқылы тәулігіне орта есеппен шамамен 10 жүк кеме өткен. Бұл мамыр айынан бергі ең төменгі көрсеткіш.


















