Иран шетелдік қонақтардың қауіпсіздігін жақсарту мақсатында “Туристік карта” жүйесін іске қосты.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, Иранның Мәдени мұра, туризм және қолөнер министрі Реза Салехи Амири жаңа “Туристік карта” жүйесінің әуежайларда іске қосылғанын және оның шетелдік туристердің қауіпсіздігін арттырып, валюта айырбасы мен төлемдерді жеңілдететінін мәлімдеді.
Реза Салехи Амири жуырдағы Үкімет отырысынан кейін ISNA агенттігіне берген сұхбатында “Туристік карта» жүйесін енгізудегі басты мәселе айырбас бағамын белгілеу екенін түсіндірді.
Министрдің айтуынша, аталмыш карта туристердің қауіпсіздігін айтарлықтай арттырады. Себебі туристерге қолма-қол ақша алып жүрудің қажеті жоқ.
Қазіргі уақытта бұл жүйе Иранның халықаралық әуежайларында жұмыс істеп тұр. Жақын болашақта оны құрлықтағы шекара бекеттерінде де енгізу жоспарланып отыр.
Иранның Орталық банкі 5 қараша күні “Туристік карта” бағдарламасының пилоттық кезеңі халықаралық әуежайларда басталғанын хабарлады. Бұл бағдарлама шетелдік азаматтар мен Иран резиденті емес тұлғаларға ресми мақсаттар үшін валютаны заңды түрде сатып алуға мүмкіндік береді.


















