Иран Президенті Масуд Пезешкиан Ормұз бұғазы арқылы жапон кемелерінің кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге күш салатынын мәлімдеді. Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иран Президенті Масуд Пезешкиан Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаитимен телефон арқылы сұхбат барысында айтты.
Сонымен қатар, Президент Пезешкиан Иранға қарсы бағытталған Америка Құрама Штаттарының теңіз шектеулері басты кедергі екенін, Тегеранның жағдайды диалог пен дипломатия жолымен шешуге ниетті екенін баса айтып: «Иран Ислам Республикасы дипломатияны әрқашан мәселелерді шешудің ең тиімді жолы санап келді. Бірақ, кейбір тараптар, соның ішінде Америка Құрама Штаттары өз міндеттемелерін орындаудан бас тартып, сионистік режимнің тұрақсыздық тудыратын әрекеттерін қолдау арқылы дипломатиялық процестерге кедергі келтірді»,-деді.
Масуд Пезешкиан Иран Ислам Республикасының Ормұз бұғазындағы теңіз қатынасын қалыпқа келтіру, осы стратегиялық өткелдің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтты.
Президент жағдай тұрақталғаннан кейін Иранды қалпына келтіру, сондай-ақ мұнай өңдеу зауыттарын, порттар мен басқа да инфрақұрылым нысандарын дамытуға жапон технологиялары қолданылады деген үміт білдірді.

















