Ирандағы тау-кен өнеркәсібіндегі инвестициялық мүмкіндіктерге арналған 14-ші халықаралық «Minex 2025» көрмесі Тегеранда өз жұмысын бастады.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, халықаралық көрме сейсенбі күні Тегеран қаласында Имам Хомейни атындағы “Мосалла” кешенінде ашылды.
3 қазанға дейін жалғасатын аталмыш көрме аясында ирандық және шетелдік қатысушылар инвестицияның келешегін, технологиялар трансфері және тау-кен саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылайды.
Халықаралық Minex 2025 көрмесі тәжірибе алмасуға, жаңа жобаларды табуға, даму стратегияларын зерттеуге арналған алаң ұсынатын ең маңызды салалық іс-шаралардың бірі болып табылады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара инвестиция тартуға, технологиялық жетістіктерді көрсетуге және тау-кен секторының экономикалық тұрақтылығын арттыруға мүмкіндік ашады.
Көрме аясында негізгі салалық мәселелер бойынша мамандандырылған кездесулер мен семинарлар өтеді. Соның ішінде бүгін, 2 қазан күні “Тау-кен және металлургия өнеркәсібіндегі тұйық циклді экономика аясындағы тұрақтылық, инвестиция және технологияларды дамыту” атты сессия өтеді.


















