Каспий теңізіне шығатын Иранның солтүстігіндегі Голестан облысында атом электр станциясын салу жобасы іске қосылды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның вице-президенті және Атом энергиясы ұйымының басшысы Мохаммад Ислами мәлім етті.
Голестан билігі өткен жылдың желтоқсан айында Атом энергиясы ұйымына өңірде халықты жеткілікті көлемде электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында атом электр станциясын салу жөнінде өтініш жасаған болатын. Енді бұл жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі туып отыр.
Мохаммад Ислами: “Біз үлкен күш-жігердің арқасында Голестан облысының жағалауында қолайлы жер учаскесін тауып, атом электр станциясын салу жобасын бастадық”,-деді.
Атом энергиясы ұйымы басшысының айтуынша, алдағы уақытта елде тағы бірнеше атом электр станциясы салынады. Бұл Ислам Республикасының жоғарғы көшбасшысы қойған мақсатқа, яғни 20 мың МВт электр энергиясын өндіру деңгейіне жету үшін қажет.
Сондай-ақ 1979 жылғы Ислам революциясына дейін басталып, аяқталмай қалған Хузестан провинциясындағы атом электр станциясының құрылысын жалғастыру мәселесі де талқылануда.


















