Иранның Фарс провинциясының оңтүстігінде орналасқан Пазан кен орнында айтарлықтай газ және мұнай қоры ашылды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, бұл туралы Иранның Мұнай министрі Моһсен Пакнежад жария етті.
Моһсен Пакнежад: “Фарс провинциясының оңтүстігіндегі Пазан кен орны аймағында және Бушер провинциясының солтүстігіне дейінгі аумақта жүргізілген барлау жұмыстарының нәтижесінде жаңа қорлар анықталды”, — деді.
Министрдің айтуынша, газ қоры 10 триллион текше футты (шамамен 283 миллиард текше метр) құрайтын бұл кен орны алдағы жылдары елдің энергия тапшылығын өтеуде маңызды рөл атқара алады.
Пакнежад Пазан кен орны Бушер провинциясындағы Джам қаласынан шамамен 21 шақырым жерде орналасқанын айтты. Бұл жерде жүргізілген барлау жұмыстары Иранның жалпы дәлелденген газ қорын 10 триллион куб футқа арттырды.
Пакнежад бұл кен орнында барлау жұмыстары шамамен сегіз жылдық үзілістен кейін қайта жалғасқанын айтып: “Екінші барлау ұңғымасын бұрғылау жақында аяқталды. Ол жерде жүргізілген сынақтардың нәтижесінде біз осындай үлкен жетістікке қол жеткіздік”, — деді.


















