Хорватия астанасы Загребте өтіп жатқан Әлем чемпионатында еркін күрестен ирандық балуан Амирхоссейн Заре алтын медаль алды.
Еуразия Тудейдің хабарлауы бойынша, жарыс финалында 125 келі салмақ дәрежесінде белдескен Амирхоссейн Заре әзірбайжандық Георгий Мешвилдишвилиді жеңіп, үшінші мәрте әлем чемпионы атанды.
24 жастағы ирандық балуан бұған дейін 2021 және 2023 жылдары әлем чемпионатының жеңімпазы атанған болатын.
Загребте өткен Әлем чемпионатының екінші айналымында Пуэрто-Рико балуаны Янован Смитті 11:0 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алды.
Ширек финалда грузиялық Соломон Манашвилиді 10:0 есебімен ұтып, жартылай финалға шықты.
Жартылай финалда бахрейндік балуан Шамиль Шарифовты 7:3 есебімен жеңіп, ақтық додаға жолдама алды.
Финалдық кездесуде Амирхоссейн Заре әзірбайжандық Георгий Мешвилдишвилиді 5:0 есебімен жеңді.
Айта кетейік, 13-21 қыркүйек аралығында Хорватия астанасы Загребте күрес түрлерінен ересектер арасындағы Әлем чемпионаты өтіп жатыр.


















